Тараз қаласы мен Жамбыл облысында болған дауыл салдарынан 550-ден астам әкімшілік ғимараты мен тұрғын үйдің шатыры қирап, 6523 метр газ құбыры зақымданды. Синоптиктердің мәліметінше, желдің екпіні секундына 30 метрден асқан.
Дауыл аймақтағы газ шаруашылықтарына да зиянын тигізді. Атап айтқанда, Байзақ ауданындағы газ шаруашылығының әкімшілік ғимараты, қоймалары мен гаражының шатырлары жұлынған. «Ақыртөбе» жерасты газ қоймасы орналасқан Т.Рысқұлов ауданында сорғы стансасының өндірістік ғимаратының шатыры қирады, Жамбыл облысында «Тараз» магистралдық газ құбырлары басқармасының желілік өндірістік бөлімі автокөлік цехының төбесі үңірейіп қалды.
Ұйытқып соққан жел салдарынан шатырлар зақымданып, билбордтар мен жол белгілері, ағаштар мен қоршаулар құлап, газ құбырларын майыстырды. Соның салдарынан 545 абонент газдан уақытша ажыратылды.
18 қараша күні кешке дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы жұмысшыларының күшімен барлық газ құбыры қалпына келтіріліп, абоненттер газға қосылды. Зақымданған газ желілерін сырлау, құбырлардың қисайған тіреуіштерін түзету сияқты жұмыстар толық аяқталғанша жалғасады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметі
Тел: 8(7172) 55-89-60, ішкі нөмір 1400, 1401